Елордада өтіп жатқан ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетиканың жекелеген жаттығулары бойынша жеке-командалық Қазақстан Республикасының чемпионатында елордалық 14 жастағы спортшы Маргарита Ермакова алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ел біріншілігінің үшінші жарыс күнінде әйелдер арасында 57, 61, 69 және 77 келі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен астаналық Маргарита Ермакова жұлқа көтеруде 94 келіні, серпе көтеруде 118 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келі нәтижемен Қазақстан чемпионы атанды.
Бұл салмақта күміс жүлдені 198 келі нәтижемен Қызылорда облысының өкілі Алтынай Тәңірбергенова иеленсе, қола медаль 197 келі көтерген Қарағанды облысының спортшысы Дарья Балабаюкке бұйырды.
«Дәл осы ел чемпионатына арнайы дайындалдым. Сондықтан алдыма қойған жоспарым толықтай жүзеге асты. Енді мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бұдан да биік мақсаттарға ұмтыламын», – деді Маргарита Ермакова.
Айта кетейік, республикалық жарыс елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылып жатыр. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 16 команда құрамында 165 спортшы қатысуда.
Ел біріншілігінде ерлер мен әйелдер сегіз салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Астана қаласының намысын 11 спортшы қорғауда.
Чемпионат 22 қарашаға дейін жалғасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








