Астанада Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті

    1 / 10

    Қазақ опера өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ермек Серкебаев. Биыл өнер майталманының туғанына 100 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Астанада «Дәстүрді сақтай отырып, болашаққа жол ашамыз» атты өңірлік конференция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Мәдени-ағартушылық басқосу ұлттық музыка мұрасын дәріптеуге, дәстүр мен заманауи білім беруді сабақтастыруға арналды.

    19–21 қараша аралығында «Академиялық ұтқырлық» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің бірнеше өңірінен балалар музыка және өнер мектептерінің басшылары, педагогтері мен әдіскерлері қатысуда.

    Салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Асима Бимендина құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

    Сонымен қатар, қатысушыларды «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» өкілдері құттықтады.

    Ашылу салтанаты аясында мектеп оқушылары мен педагогтерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

    Конференцияның маңызды сәттерінің бірі – Zoom платформасы арқылы Ермек Серкебаевтың қызы, қазақстандық жазушы, журналист және өмірбаяншы Ирина Ермековна Серкебаевамен онлайн кездесу болды. Ол конференция қатысушыларын айтулы шараның ашылуымен құттықтап, әкесінің шығармашылық мұрасын дәріптеуге бағытталған игі бастамаға жылы лебізін білдірді.

    Одан әрі конференцияның пленарлық отырысы басталып, музыкалық білім беру мен ұлттық өнердің өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар тыңдалды.

    Үш күнге жоспарланған конференция аясында еліміздің түрлі өңірлерінен келген өнер мектептерінің педагогтері тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, ұлттық музыкалық білім берудің дәстүрі мен болашағы жөнінде пікір білдіреді.

    Конференцияның негізгі мақсаты – көрнекті әншінің шығармашылық мұрасын насихаттау, ұлттық және академиялық музыкалық дәстүрлердің сабақтастығын сақтау, сондай-ақ музыкалық білім беру саласындағы кәсіби тәжірибе алмасуды дамыту.

    Үш күндік бағдарлама аясында музыкалық білім берудің өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар тыңдалып, ашық сабақтар, шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар ұлттық музыкалық мұраны сақтау, заманауи оқыту әдістерін енгізу, цифрлық технологияларды пайдалану және өнер арқылы жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына ықпал ету мәселелері қарастырылады.

    Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған бұл басқосу – ұлы өнер иесінің мұрасын ұлықтаумен қатар, ұлттық музыкалық дәстүрді сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық бастама.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары