
Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қазыналы қарттардың шаңырақтарына арнайы барып, оларды мерекелерімен құттықтады.
Өңір басшысы Түркістан қаласындағы тыл ардагерлері Тәліп Бейсенбаев пен Ұлбосын Зульпибекованың үйлеріне барып, ардагерлермен емен-жарқын әңгімелесті. Кездесу барысында олардың хал-жағдайын сұрап, өмір жолдары мен еңбек жылдары жайлы әңгімелерін тыңдады. Ақсақалдар өздерінің естеліктерімен бөлісіп, елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы пікір алмасты.
94 жастағы Тәліп Бейсенбаев – тыл ардагері, төрт ұл, үш қыздың әкесі. Қиын кезеңде өмірге келген ол еңбек жолын мал дәрігері болып жалғастырып, Түркістанның ауданаралық сауда орталығында да қызмет атқарған. Ақсақалдың жеті перзенті өмірден өз орындарын тауып, жоғары білім алып, өз саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде ұл-қыздарының жетістігін көріп, немере-шөберелерінің ортасында ғибратты ғұмыр кешіп отырған қазыналы ақсақал.
Ал 88 жастағы Ұлбосын Зульпибекова – тыл ардагері, көпбалалы ана. Еңбек жолында тігінші және аспазшы болып қызмет атқарып, алты ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 16 немере сүйіп отырған ардақты ана ұрпағының қызығын көріп отыр.
Облыс әкімі ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілеп, мерелік сый-сияпат жасады. Кездесу соңында қариялар ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен өңірдің өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, бүгінде облыста 187 мыңнан астам зейнеткер, 3 ҰОС ардагері, 2082 тыл ардагері бар. Аға буынға қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық аудан, қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары ашылды. Қартайған шағында жалғыз қалған 80 жастан асқан жалғызілікті қарияның зейнетақысына қосымша бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек көрсетілсе, әртүрлі санаттағы 9201 ардагер өңірдегі шипажайларда демалып, денсаулықтарын түзеді. Ардагерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі








