МАҚТА ЖИНАУ НАУҚАНЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ШАРУАЛАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫН ЕСКЕРУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

    МАҚТА ЖИНАУ НАУҚАНЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ШАРУАЛАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫН ЕСКЕРУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
    Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен 2026 жылғы 29 қыркүйекте мақта дақылының жиын-терім науқанын дер кезінде әрі сапалы өткізу, сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында арнайы мәжіліс өткізілді.
    Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров төрағалық еткен жиынға Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Әбдібай Мұстафаев, «ҚазАгроЭксп» зертханасының басшысы Батырхан Смайылов, мақта өңдеу зауыттарының басшылары, ауылдық округ әкімдері және мақта дақылын еккен белсенді шаруалар қатысты.
    Мәжіліс барысында шаруалар тарапынан мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалардың жұмысы мен таразыларды пайдалану кезінде туындайтын бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, мақтаның сапасын анықтау барысындағы зертханалық тексерулердің жүргізілуі және өнімді таразылау кезінде орын алатын мәселелер кеңінен талқыланды. Көтерілген сауалдарға мақта өңдеу зауыттарының басшылары жауап беріп, шаруалар тарапынан айтылған ұсыныстар мен сын-ескертулерді назарға алатындарын жеткізді.
    Жиыннан кейін ауданның белсенді азаматтары Е.Әдеханов, М.Датқаев, Б.Сейсенбеков, М.Жүсіпов, А.Шағдаров, Б.Баянов, Е.Сансызбаев, С.Ақназаров және А.Аманбаев шаруалармен бірлесіп, «AzatNEWS» телеарнасының түсірілім тобымен бірге мақта қабылдау бекеттеріне аралау жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекеніндегі «Cotton Makta» ЖШС және «Бірлік-Е» ЖШС-ның мақта қабылдау бекеттерінің жұмысын зерделеді.
    Аралау барысында мақта қабылдау бекеттерінің нақты жұмыс барысы қаралып, шаруалардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Сонымен қатар, мақта қабылдау, зертханалық сараптама жүргізу және өнімді таразылау үдерістерін жетілдіруге қатысты белсенділер ұсыныстарын айтты.
    Айта кетейік, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен құрылған мобильді жұмыс тобы да аудан аумағында орналасқан 7 мақта өңдеу зауытына, сондай-ақ көршілес аудандардағы мақта қабылдау бекеттеріне мониторинг жүргізуде.
    Олар мақта қабылдау орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және өрт туындаған жағдайда оны жедел сөндіруге арналған қажетті құрал-жабдықтардың болуы, мақта қабылдау кезінде пайдаланылатын таразылардың тиісті уәкілетті органдардан сертификаттаудан өтуі, мақта сапасын анықтауға арналған биологиялық зертханалардың (биолабораториялардың) болуы және олардың жұмыс жағдайын зерделеуде. Сонымен қатар, анықталған мәселелерді жедел шешуге бағытталған тиісті шаралар қабылдануда.

    (с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары