
Қарттар күніне орай Отырар ауданында «Қарияға қамқорлық – ұлтқа көмек» атты ауқымды қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл игі бастама «Қарияға қамқорлық – ұлтқа құрмет» әлеуметтік қамқорлық күні аясында жүзеге асты.
Шараның басты мақсаты – өмір жолында өнегелі іс қалдырған ардагерлер мен жалғызілікті қарттарға құрмет көрсету, оларға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жастардың бойында үлкенге ізет, кішіге құрмет сезімін қалыптастыру.
Мерекелік күн қарсаңында белсенді жастар мен еріктілер тобы жалғызілікті қарттардың үйлеріне арнайы барып, шынайы қамқорлық танытты. Жалынды жастар қарттардың шаруашылығына көмектесіп, аула мен үй маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар аға буын өкілдерімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрды.
Қайырымдылық шарасына қатысқан жастар бұл істің тек бір күндік шара емес, жүрек қалауымен жасалатын игі дәстүр екенін атап өтті. Өз кезегінде қуаныштарын жасырмаған қариялар көңіл бөліп, қол ұшын созған жастарға алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
«Ата-бабамыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Ардагерлер мен қарттарға құрмет көрсету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Бүгінгі шара жастардың жүрегіне мейірім мен жанашырлық ұялатып, қоғамдағы өзара бауырмалдықты нығайта түседі», – дейді ұйымдастырушылар.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға, жалғызбасты және қарт азаматтарға бағытталған қайырымдылық және әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.







