Отырар ауданында жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау және тұрғындар арасында улы газдан улану жағдайларының алдын алу мақсатында түсіндіру-профилактикалық жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы қатысып, жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтау, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы алдын алу шараларының маңызын атап өтті.
Тұрғын үйлерді аралау барысында Отырар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану тәртібін түсіндіріп, пештер мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын жүйелі түрде тексеріп отыру қажеттігін ескертті. Сонымен қатар улы газдан уланудың алдын алу үшін арнайы газ сигнализаторларын орнатудың маңыздылығы түсіндірілді.
Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарамауға шақырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Отырар ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 1 050 отбасы бар. Оның ішінде 370 отбасында газ сигнализаторлары орнатылмаған. Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған отбасылардың үйлеріне газ сигнализаторларын орнату жұмыстары апта соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Мұндай профилактикалық шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өрт оқиғалары мен улы газдан улану жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









