
Талдықорғанда полиция қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірлесіп, қаладағы ойын-сауық орындарында түнгі рейд өткізді. Рейд барысында 18 мекеме тексеріліп, заң талаптарының сақталуына және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде белгіленбеген орындарда кальян өнімдерін тұтынған 7 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кальян — зиянсыз ойын-сауық емес. Темекі түтінінің құрамындағы никотин мен улы заттар оны тұтынушының ғана емес, айналасындағы адамдардың да денсаулығына зиян келтіреді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері осындай 161 деректі анықтады. Профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да жалғасады. Полиция белгіленген талаптарды сақтау — әр азаматтың міндеті екенін еске салады.








