
Студенттердің қауіпсіздігі: полиция жатақханаларда рейд жүргізді
«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Өскемен қаласындағы студенттік жатақханаларда профилактикалық рейдтер өткізді.
Рейдке учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және кинологиялық қызметтің қызметкерлері қатысты.
Полиция қызметкерлері студенттер арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жастарға заң талаптарын және тәртіп ережелерін сақтау, жеке қауіпсіздікке мұқият қарау жөнінде ескертілді. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг және құқыққа қайшы әрекеттерге тартылудың салдары түсіндірілді.
Есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға да ерекше назар аударылды. Студенттерге есірткі заттарын тұтыну мен таратудың қауіптері және мұндай әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздік ережелері мен суық қару және жарақат келтіруі мүмкін өзге де заттарды алып жүруге жол берілмейтіні ескертілді.
Кездесудің ерекше бөлігі — қызметтік иттің жұмысын көрсету болды. Кинолог мамандар қызметтік иттің тыйым салынған заттарды анықтау кезінде қалай қолданылатынын көрсетті.
Полиция студенттерді заң талаптарын сақтауға, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









