
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Кеңес құрамына Абай облысынан төрт өкіл енсе, оның екеуі өңірдің мәдениет саласында қызмет етеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Абай облысы мәслихатының депутаты, «Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Мерей Мейіртайұлы Қарт және «Семей қаласындағы Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Ирина Анатольевна Соловьёва енді.
Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган. Кеңестің мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға консультативтік тұрғыдан қатысу арқылы Қазақстан халқының мемлекеттік басқару саласындағы мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету. Қазақстан Халық Кеңесіне заңнамалық бастама құқығы да берілген.
Өңірден Кеңес құрамына сондай-ақ қоғам қайраткері Нұртай Салихұлы Сабильянов пен Абай облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы – ректоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков енді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды. Кеңестің алғашқы сессиясы 2026 жылғы 23–24 қыркүйекте Астана қаласында өтеді.









