20 қараша күні Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытхан Үдербаеваның 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кеш өтті.
Тұңғыш Әміре байқауының лауреаты әрі бүкілодақтық әншілер байқауының лауреаты Бақытхан Үдербаева ұзақ жылдар бойы қазақтың дәстүрлі ән өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кеш әншінің көпжылдық шығармашылық еңбегін ұлықтау және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Кештің құрметті қонақтары ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Нұржан Жанпейісов пен республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Әсем Омар ән шырқады. Мерейтойға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы да қатысты.
Концертте Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның қазақ оркестрі мен әнші-күйшілері өнер көрсетті. Әділет Серіков дирижерлік еткен оркестрдің сүйемелдеуімен халық әндері мен қазақ композиторларының таңдаулы туындылары орындалды. Бақытхан Үдербаева да сахна төріне шығып, репертуарындағы «Сәулем-ай», «Балқадиша», «Өр Алтай» әндерін шырқады.
Әр буын өнерпаздарының басын қосқан мерейтойлық кеш әншінің шығармашылық жолына құрмет көрсетумен қатар, қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығын танытты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








