Жаңаөзенде қуаты 120 МВт газ электр станциясы іске қосылды

    1 / 12

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен италиялық Eni S.p.A. компаниясы Жаңаөзен қаласында қуаты 120 МВт газ электр станциясының құрылысын аяқтап, нысанды пайдалануға берді. Бұл станция - жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясы кешенінің құрамдас бөлігі.

    Газ электр станциясының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ернар Хасенов, Eni S.p.A. компаниясының Орталық Азия өңіріндегі басшысы Сегер Хойтинк, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин және мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты.

    Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаның өңір энергетикасы үшін маңыздылығына тоқталды.

    -Мемлекет басшысының алдымызға қойған маңызды міндеттерінің бірі - 2029 жылға қарай Қазақстанда энергия көздерінің профицитін қамтамасыз ету. Бүгінгі гибридті электр станциясы - осы міндетті жүзеге асыруға үлес қосатын маңызды жобалардың бірі. Жел, газ және күн энергиясын біріктіретін кешен әлемдегі ірі жобалардың қатарына жатады. Мұндай нысанның іске қосылуы өңірге инвестиция тартумен қатар, жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы, өңірімізге заманауи технологиялар мен жаңа технологиялық мәдениет келеді. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа зор алғысымды білдіремін. «ҚазМұнайГаз» және Eni компанияларының басшылығына да шынайы ризашылығымызды білдіреміз - деді Нұрдәулет Қилыбай.

    Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов жобаның іске асырылу барысы мен оның компанияның өндірістік нысандарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.

    Жоба аясында күн, газ және жел энергиясын өндіретін үш нысан біртұтас энергетикалық кешенге біріктіріледі. Оның құрамына қуаты 50 МВт күн электр станциясы, 120 МВт газ электр станциясы және 77 МВт жел электр станциясы кіреді.

    Газ электр станциясы биыл шілде айында электр энергиясын өнеркәсіптік көлемде өндіре бастады. Содан бері 26 млн кВт сағаттан астам электр энергиясы өндірілген. Станцияның өндірістік инфрақұрылымы аясында электр қуатын желіге тұрақты жеткізу үшін қосалқы станция салынып, кернеуі 110 кВ электр беру желісі тартылды.

    Гибридті кешеннің алғашқы нысаны - қуаты 50 МВт күн электр станциясы. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген. Содан бері станция шамамен 93 млн кВт сағат электр энергиясын өндірді.

    Қазіргі уақытта кешеннің үшінші нысаны - қуаты 77 МВт жел электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, алғашқы жел турбиналарын орнату жоспарланған. Ал станцияны 2027 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Үш нысан да толық іске қосылғаннан кейін кешенде 77 тұрақты жұмыс орны ашылады. Гибридті кешен толық қуатында жұмыс істеген кезде өндірілетін электр энергиясының шамамен 35 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынады.

    Жаңа энергетикалық кешен «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының Маңғыстау облысындағы өндірістік кәсіпорындарын, оның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «ҚазГӨЗ» ЖШС-ін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары