
Мегаполисте радикалды діни идеологияның таралуына профилактика жүргізу шеңберінде спорт мектептерін, секцияларын, клубтары мен фитнес-орталықтарын мониторингтеу жүйесін кеңейту жоспарланып отыр. Мұндай шешім биылғы 25 тамызда қала әкімдігі жанындағы ТҚК жұмыс тобының отырысында қабылданды. Жұмыс тобының отырысына Алматы қаласы ҰҚК департаменті қызметкерлері, Спорт басқармасының өкілдері, пенчак-силат, мейбукан годзю-ру-каратэ-до, каратэ-до кекушинкай, ушу және кунг-фу, қоян-қолтық жекпе-жегі, комбат дзю-дзю-цу және спорттық джиу-джитсу, грек-рим, еркін және әйелдер күресі, таеквон-до, дзюдо, киокушинкай-кан және каратэ федерацияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Бұған дейін Алматыда қаланың барлық аудандарындағы спорттық объектілерге мониторинг жүргізілген болатын. Жұмыс барысында одан әрі зерттеуді және атаулы қолдауды қажет ететін жекелеген профилактикалық тәуекелдер анықталды. Осыған байланысты спорт ұйымдарының қамтуын кеңейту туралы шешім қабылданды.
Қосымша мониторинг радикал діни идеологияның таралуының ықтимал тәуекелдерін анықтауға, сондай-ақ жастарды және кәмелетке толмағандарды деструктивті діни қауымдастықтарға тарту әрекеттерінің алдын алуға бағытталған.
Жекпе-жек және жауынгерлік өнер секцияларына, бокс және күрес залдарына, дзюдо, каратэ, тхэквондо, ММА секцияларына, спорт мектептері мен академияларына, балалар мен жасөспірімдер секцияларына, фитнес клубтарға, жекеменшік спорт ұйымдарына және дене шынықтыру мен сауықтыру кешендеріне ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Жалға алынған үй-жайларда жұмыс істейтін шағын жекеменшік клубтар мен секциялардың қызметі жеке қаралады.
Жұмыс шеңберінде де спорттық ұйымдарда профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру қызметін ұйымдастыруды, діни қызмет саласындағы заңнаманы сақтауды және спорттық инфрақұрылымды деструктивті идеологияны тарату мақсатында пайдаланудың ықтимал тәуекелдерін зерделеу жоспарланып отыр.
Профилактикалық іс-шараларды жүргізуге Дін істері басқармасының мамандары, оның ішінде білікті теологтар тартылады. Олар спорт қауымдастығының өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын және қажет болған жағдайда атаулы профилактикалық іс-шараларды жүргізеді.
Жұмысқа Алматы қаласының ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері де қатысады. Мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде анықталған профилактикалық тәуекелдер бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу қарастырылған.
Қосымша жұмыстардың қорытындысы бойынша профилактикалық аса назар аударуды қажет ететін объектілерді айқындау, адрестік ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және жиынтық аналитикалық материал дайындау жоспарланған.
Іс-шаралардың басты мақсаты – ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтау және балалар, жасөспірімдер және жастар үшін қауіпсіз спорттық ортаны қалыптастыру.
Материал Алматы қаласы бойынша
ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалған







