Алматыда мүгедектігі бар адамдарға берілетін оңалтудың техникалық құралдарын қайтару және қайта пайдалану жобасы іске қосылды. Жобаны Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жүзеге асырады. Алматы тұрғындары жобаға 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қатыса алады.
Жобаның алғашқы кезеңінде кресло-арбалар және жүріп-тұруға арналған басқа да құралдар қамтылған.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – адамның қазіргі физикалық жағдайына, қозғалу мүмкіндігіне және күнделікті қажеттілігіне сәйкес келетін оңалту құралын уақтылы таңдау.
Уақыт өте келе адамның дене бітімі, қозғалу мүмкіндігі немесе өмір салты өзгеруі мүмкін. Соған байланысты бұрын берілген құрал оның қазіргі қажеттілігіне сәйкес келмеуі ықтимал.
Мұндай жағдайда мамандар қажеттілікті қайта бағалап, қажет болса, басқа оңалту құралын таңдайды. Бұрын пайдаланылған құрал қайтарылады. Ол тексеріліп, қажетті дайындықтан өткеннен кейін талаптарға сай болса, басқа адамға қайта берілуі мүмкін.
Осылайша жоба адамның өзгерген қажеттілігіне сәйкес оңалту құралын таңдауға және жарамды құралдарды қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
📍 Жобаға қатысу және оңалту құралдарын таңдау мәселелері бойынша Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығына мына мекенжай бойынша жүгінуге болады: Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 65.
▶️ Жобаның жүзеге асырылуы, механизмі мен ерекшеліктері туралы толығырақ бейнематериалымыздан көріңіздер.
Instagram | Facebook | Aitu | Threads | YouTube









