
ҚАЗТАЛОВ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ
Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының облысымызда жүзеге асырылып жатқан 2024–2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының іске асырылу барысын зерделеу мақсатындағы Қазталов ауданындағы көшпелі жиыны өтті.
Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, тұрақты комиссия депутаттары, аудандық мәслихат төрағалары, облыстық басқармалардың басшылары және жауапты мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Көшпелі жиынның бірінші жартысында Көпкүтір, Қайыңды және Ақпәтер ауылдық округтеріндегі әлеуметтік нысандардың, ауылдық инфрақұрылымның жай-күйі, тұрғын үй құрылысы, абаттандыру, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
Көпкүтір ауылында жаңадан салынған ауылдық клубтың жұмысымен танысып, «Қаладан – ауылға» жобасы аясындағы жұмыстар талқыланды. Қайыңды ауылында абаттандыру және тұрғын үй құрылысы жобалары көрсетілді. Ал Ақпәтер ауылында тарихи-өлкетану мұражайының жұмысымен танысып, құнды жәдігерлерді тамашаланды.
Көшпелі жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар қаралды.
Жиын соңында депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер сараланып, оларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар әзірленіп, орталық деңгейдегі құзырлы органдардың назарына жолданатыны жеткізілді.
Ауылдың тұрақты дамуы, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және мемлекеттік жобалардың тиімді іске асырылуын бақылау – мәслихат депутаттарының басты міндеттерінің бірі.







