Алматы қаласының әкімдігі «Ашық НҚА» порталында «Алматы қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 шілдедегі № 138 «Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы жарияланғанын хабарлайды.
Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган – Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Шешім жобасы Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы № 282 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 3 маусымда № 38895 болып тіркелген, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген) Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
Осы жобамен Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидалары жаңа редакцияда жазылады: құқықтық негіз өзектендіріледі, ұғымдық аппарат нақтыланады, Үлгілік қағидалардың жетіспейтін нормалары енгізіледі және редакциялық дәлсіздіктер жойылады. Бұл ретте қалалық ерекшеліктер сақталады және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жөніндегі ережелер «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаланың өкілеттіктері шегінде бекітіледі.
Жобаны қабылдаудың мақсаты – Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына сәйкес келтіру. Жобаны қабылдау 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Үлгілік қағидалардың талаптарын ескере отырып, Қағидаларды өзекті редакцияда қолдануды қамтамасыз етеді. Қабылдау мерзімі – 2026 жылғы қыркүйек.
Нормативтік құқықтық актіні қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Жоба әлеуетті резонанстық мәселелерді қамтымайды.
Жобаны талқылауға «Ашық НҚА» порталында мына сілтеме арқылы қатысуға шақырамыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15898205