Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласында жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасын белгілеу туралы» Алматы қаласы әкімдігінің бірлескен қаулысы мен Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланғанын хабарлайды.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 14 қарашадағы хаттамалық тапсырмасының 2.1-тармағын жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезінде жер учаскелері үшін төлемақының базалық мөлшерлемелерін өзгерту бөлігінде және Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының жер учаскелерін Алматы қаласының аумағында жеке меншікке беру кезінде олар үшін төлемақының базалық мөлшерлемесін индекстеуді жүргізу бөлігіндегі нұсқамасының 1-тармағының 7) тармақшасын орындау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 10-бабы 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қыркүйектегі № 890 «Жер учаскелері үшін төлемақының базалық мөлшерлемесін белгілеу туралы» қаулысына сәйкес әзірленді.
Жобаны қабылдаудың мақсаты – жер учаскелерін жеке меншікке берген кезде олар үшін төлемақының базалық мөлшерлемесін қайта қарау.
Осы жобада төлемақының базалық мөлшерлемесінің өзекті мөлшерін белгілеу және бағалау аймақтары бойынша оған түзету коэффициенттерін қолдану арқылы жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау тетігін жетілдіру көзделеді.
Нормативтік-құқықтық актіні қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді.
Жобаны талқылауға қатысу үшін «Ашық НҚА» порталындағы https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15906951 сілтемесі арқылы өтуге шақырамыз.