«ВИЛАЯТ ХОРАСАН»: ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТӨНГЕН ҚАУІП ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДІНИ ҚАУІПСІЗДІГІ
«ВИЛАЯТ ХОРАСАН»: ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТӨНГЕН ҚАУІП ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДІНИ ҚАУІПСІЗДІГІ Соңғы онжылдықта халықаралық терроризмнің ең қауіпті тармақтарының бірі ретінде танылған «Вилаят Хорасан» ұйымы Ауғанстан мен Пәкістан аумағындағы тұрақсыздықтың негізгі факторларының біріне айналды. Бұл құрылым тек жергілікті деңгейдегі қарулы топ қана емес, Орталық Азия мемлекеттерін қамтитын трансұлттық экстремистік жоба ретінде қарастырылады. «Вилаят Хорасан» қалай құрылды? 2015 жылдың 26 қаңтарында ДАИШ-тің ресми өкілі Әбу Мұхаммед әл-Аднани «Хорасан уәлаятының» құрылғанын ресми түрде жариялады. Сол мәлімдемеде ұйымның алғашқы әмірі болып пәкістандық содыр Хафиз Саид Хан тағайындалғаны хабарланды. Оның орынбасары болып бұрынғы тәліп қолбасшысы Абдуррауф Хадим бекітілді. Хафиз Саид Хан Пәкістандағы «Техрик-и-Талибан Пәкістан» ұйымының ықпалды жетекшілерінің бірі болған. Ол Пәкістанның Оракзай тайпалық аймағында дүниеге келіп, кейін ДАИШ-ке адалдық танытып, Ауғанстандағы жаңа филиалдың негізін қалады. 2016 жылы АҚШ әуе шабуылы кезінде Нангархар провинциясында жойылды. Ұйымның құрылуына тек пәкістандық талибтер ғана емес, «Әл-Каида», Өзбекстан ислам қозғалысы және басқа да радикалды топтардың бұрынғы мүшелері қатысқан. Ұйымның мақсаты қандай? «Вилаят Хорасан» өзін жай ғана Ауғанстандағы қарулы ұйым ретінде көрсетпейді. Оның идеологиялық тұжырымдамасы тарихи Хорасан аймағына негізделген. Тарихи деректер бойынша Хорасан құрамына қазіргі Ауғанстан, Иранның солтүстік-шығысы, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан аумақтарының бір бөлігі кірген. Алайда ұйым бұл ұғымды әлдеқайда кең мағынада түсіндіреді. Олар Қазақстаннан бастап Қытайға, Үндістаннан Мальдив аралдарына дейінгі аумақтарды қамтитын трансұлттық «халифат» құруды көздейтінін насихаттайды. Бұл мақсат ұлттық мемлекеттерді, мемлекеттік шекараларды және зайырлы басқару жүйесін толық жоққа шығарады. Ұйымның алғашқы әмірі Хафиз Саид Хан өз сөздерінің бірінде Хорасанды «болашақ халифаттың қақпасы» деп сипаттаған. Мұндай мәлімдемелер ұйымның Орталық Азия мемлекеттерін де өзінің стратегиялық жоспарларының бір бөлігі ретінде қарастыратынын көрсетеді. Неліктен Қазақстан үшін маңызды? Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес зайырлы мемлекет болып табылады. Елімізде діни сенім бостандығына кепілдік берілгенімен, діннің саясаттандырылуына және күш қолдану арқылы мемлекеттік жүйені өзгертуге жол берілмейді. Ал «Вилаят Хорасан» секілді ұйымдар дәл осы қағидаттарға қарсы әрекет етеді. Олар ұлттық мемлекеттерді мойындамайды, демократиялық институттарды қабылдамайды және қоғамды радикалды идеология негізінде қайта құруды мақсат етеді. Ұйымның ерекше қауіптілігі оның әскери мүмкіндігінде ғана емес, ақпараттық насихат жүргізу тәсілдерінде де жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, ұйым әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және цифрлық платформаларды пайдаланып, жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге басымдық береді. «Вилаят Хорасан» құрамында Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да Орталық Азия елдерінен шыққан содырлардың болғаны жөнінде көптеген зерттеулерде айтылады. Ұйым тіпті өз мүшелерін этникалық шығу тегіне қарай бөліп, «Тәжики», «Өзбеки», «Хорасани» сияқты атаулар қолданған. Бұл олардың аймақтағы этникалық және тілдік ерекшеліктерді өз мақсаттарына пайдалануға тырысқанын көрсетеді. Орталық Азиядан шыққан кейбір содырлар жергілікті халықпен тілдік жақындығының арқасында насихат жұмыстарын жеңіл жүргізе алған. Сондықтан бұл қауіп тек әскери сипатта емес, идеологиялық және ақпараттық сипатқа да ие. Қазақстан қоғамы үшін негізгі сабақ «Вилаят Хорасан» ұйымының тәжірибесі көрсеткендей, радикалдану көбіне діни сауатсыздық, жалған ақпарат және интернет кеңістігіндегі манипуляциялар арқылы жүзеге асады. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді қорғаныс тетіктері: • діни сауаттылықты арттыру; • жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту; • ұлттық құндылықтарды нығайту; • дәстүрлі ислам құндылықтарын дұрыс түсіндіру; • зайырлы мемлекет қағидаттарын қоғамға кеңінен түсіндіру. Қазіргі жағдайда «Вилаят Хорасан» Қазақстан аумағында ұйымдасқан құрылым ретінде әрекет етпегенімен, оның идеологиялық насихаты мен цифрлық кеңістіктегі ықпалы өңірлік қауіпсіздік үшін маңызды сын-қатер болып қала береді. Сондықтан терроризмге қарсы күрес тек күштік құрылымдардың міндеті емес, ол бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді. Тимур Нүсіпхан IHSAN-ғылым және мәдениет орталығының төрағасы