
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Маңғыстау облысы Полиция департаменті жұмысының басым бағыттарының бірі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында және оқу жылының басталуына байланысты өңірдегі білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйіне ерекше назар аударылуда.
Полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес мектептерде, балабақшаларда және колледждерде бейнебақылау камераларының, дабыл түймелерінің және турникеттердің жұмысқа жарамдылығы тексерілуде.
Негізгі мақсат – қауіпсіздік құралдарының тек орнатылуын ғана емес, олардың техникалық тұрғыдан жарамды әрі кез келген уақытта пайдалануға дайын болуын қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда полицияның жедел басқару орталықтарына 221 мектептің 89-ы қосылған. Бұл білім беру ұйымдарында 5 345 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Сондай-ақ 449 балабақшаның 216-сы жедел басқару орталықтарына қосылған, онда 8 593 бейнебақылау камерасы бар. Колледждерде 749 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бейнебақылау жүйелерін полицияның жедел басқару орталықтарына қосу білім беру ұйымдарының аумағындағы жағдайды бақылауға, ықтимал қауіптер мен құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, қажет болған жағдайда оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дабыл түймелері мен өткізу жүйелерінің жарамдылығына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл құралдар балалар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қосымша қорғаныс тетіктері болып табылады және үнемі жұмысқа дайын болуы тиіс.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға оларды жою жөнінде нақты тапсырмалар берілуде. Тапсырмалардың орындалуы Полиция департаментінің бақылауында.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты – әр баланың мектепте немесе басқа да білім беру ұйымында өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.
Полиция балалардың қауіпсіздігі – полицияның, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.









