
24 қыркүйекте «Қарасора-2026» және «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әріптестерімен бірлесіп, қызметтік ит Кираның көмегімен Ақтау қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдікті түнгі уақытта қаланың ойын-сауық орындарының бірінде бұрын қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталды. Аталған қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша тергелуде.
Тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту барысында полиция қызметкерлері димедрол дәрілік препаратының ампулаларын, сұйық заттар құйылған ыдыстарды және марихуана қолдануға арналған құрылғыны тәркіледі.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.







