Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Абай облысындағы күзгі жиын-терім жұмыстарының барысы және өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Департамент басшысы Ерлан Серікбосынұлы Ниетқабылов сөз сөйледі. Өз сөзінде Абай облысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Жыл басынан бері 22 кәсіпорында кәсіптік тәуекелдерге бағалау және еңбек жағдайларына аттестаттау жүргізілді. Кәсіпорындарда тұрақты негізде түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға ерекше мән берілуде. Есепті кезеңде 3426 жұмыс беруші тиісті сақтандыру шарттарын жасасты. Алдағы уақытта еңбек шарттарын рәсімдеу, кәсіптік тәуекелдерді төмендету және жұмысшыларды қауіпсіздік талаптарына оқыту бойынша жұмыстар жалғасады.
Аймақ басшысы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Жұмыс берушілердің міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге толық енгізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.








