Шемонаиха ауданы: ГЭС құрылысы, АЖТ зауытын жаңғырту, туризмнің дамуы

    Шемонаиха ауданы: ГЭС құрылысы, АЖТ зауытын жаңғырту, туризмнің дамуы

    Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.

    Төменде жиында айтылған негізгі тезистер ұсынылып отыр:

    - Шемонаиха ауданының 2026-2030 жылдарға арналған дамыту жоспары бекітілді. Ауданның одан әрі дамуы үшін берік негіз болатын салалар: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, туристік әлеует.

    - Осы жылдың 8 айында ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,4%-ға артып, 20,3 млрд теңгені құрады. Аудан аумағында 262 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

    - Мал шаруашылығы дамып келеді. Сегіз ай ішінде 32 000 тонна сүт және 2 000 тонна ет өндірілді. Аудан шаруашылықтарында 22 мың бас ірі қара мал, 10,2 мың бас қой мен ешкі және 2,7 мың бас жылқы ұсталады. Мұнда сүт өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін он сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Аймақ басшысы өз сөзінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту және жемшөп базасын нығайту жұмыстарын жандандыру қажеттігін жеткізді.

    - Ауданда су электр станцияларының екінші каскадын салу және жиһаз бен құрылыс салаларына арналған ағаш-жоңқалы плиталар шығаратын зауытты қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Уба өзенінде 2027 жылы орташа қуаттылықтағы су электр станциясын салу жоспарланған.

    - Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 233 орынды құрайтын 11 туристік орналастыру нысаны жұмыс істейді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданға 3 401 турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37%-ға артық. Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімі мен құзырлы басқарма басшысына перспективалы туристік аумақтардың қажетті инженерлік, көлік және туристік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету міндетін қойды.

    - Биыл Шемонаиха қаласында №3, 4 және 11-ші шағын аудандардағы кәріз желілерін қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 9 км кәріз желісін ауыстыру, 45 кәріз құдығын салу және 253 құдық қақпағын орнату көзделген.

    - Шемонаиха ауданында биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 10 бірқабатты үйдің (барлығы 20 пәтер) құрылысы жоспарланған.

    - Аудандағы 32 елді мекеннің 28-і немесе халықтың 99,2%-і интернетпен қамтылған. 2027 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік мекемелерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту арқылы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ 4 ауылды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылып жатыр.

    - Биыл ауданда 8 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімі ауданда 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар үшін қосымша мектепке дейінгі орындар құру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

    - Ауданда 32 мәдениет және 94 спорт нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы Волчанка және Верх-Уба ауылдарындағы мәдениет орталықтарына, Достық үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    - Биыл Первомайский кентінде спорт алаңы орнатылды, ал Зевакино және Камышенка ауылдарындағы футбол алаңдары жөнделді.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары