
Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Әкімшілік рақымшылық – 2026» тақырыбында брифинг өтті.
Брифингте Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы бөлімінің басшысы Бижаксин Сырым Серікұлы спикер ретінде сөз сөйледі.
Брифинг барысында 2026 жылғы 2 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның негізгі ережелері түсіндірілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік кірістер саласында әкімшілік рақымшылықты кімдер пайдалана алатыны, қандай әкімшілік айыппұлдар рақымшылыққа жататыны, оны қолдану үшін қандай талаптар сақталуы қажеттігі, сондай-ақ қандай құқық бұзушылықтарға рақымшылық қолданылмайтыны туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар әкімшілік рақымшылық белгілі бір әкімшілік айыппұлдарды орындаудан босатуды көздейтіні, алайда салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша негізгі берешекті есептен шығаруды білдірмейтіні ерекше атап өтілді.
Брифинг барысында рақымшылықты қолдану үшін өтініш беру қажет пе, ішінара орындалған айыппұлдарға рақымшылық қолданыла ма, оны азаматтар мен кәсіпкерлердің қандай санаттары пайдалана алады, сот тағайындаған айыппұлдар рақымшылыққа жата ма, сондай-ақ қандай әкімшілік құқық бұзушылықтар Заңның қолданылу аясынан тыс қалатыны жөнінде өзекті сұрақтар қойылды.
Қойылған барлық сұрақтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық әрі жан-жақты түсіндірмелер беріліп, нақты жауаптар ұсынылды.
Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындар мен кәсіпкерлердің құқықтық және салықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруда.









