
Бүгін Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Азат Тоқтарбекұлы Исенов Жаңаарқа ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындары және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында салық заңнамасындағы өзекті мәселелер талқыланып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты түсіндірмелер берілді.
Атап айтқанда, арнаулы салық режимдерін қолдану тәртібі, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінің мөлшерлемесі, шаруа және фермер қожалықтарына арналған салық режимінің ерекшеліктері мен салық мөлшерлемелері, қосылған құн салығы, сондай-ақ аяқ киім тауарларын таңбалау мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар салықтық міндеттемелерді орындау барысында туындайтын бірқатар практикалық және проблемалық мәселелерді көтерді. Әрбір сұрақ бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті жауаптар мен нақты түсіндірмелер берілді.
Кездесу ашық әрі конструктивті форматта өтіп, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіруге және өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік берді.






