Жеке тұлғаның салық берешегі белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары заңнамаға сәйкес оны өндіріп алу шараларын қолданады.
Өндіріп алу қандай жағдайда басталады?
Өндіріп алу шаралары тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған 1 АЕК-тен асатын салық берешегі болған кезде қолданылады.
Бұл ретте жеке тұлғаның салық берешегіне жеке кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне не жеке практикасына байланысты емес салық міндеттемелері бойынша берешегі де кіреді.
Берешекті өндіріп алу тәртібі қандай?
Алдымен салық төлеушіге салық берешегін өтеу қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі.
Егер берешек белгіленген мерзімде өтелмесе, мемлекеттік кірістер органы берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады.
Салық бұйрығын орындауға ол тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап 5 жұмыс күні беріледі.
Осы мерзім ішінде салық бұйрығы орындалмаған жағдайда, құжат мәжбүрлеп орындату үшін аумақтық тиістілігі бойынша әділет органдарына немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберіледі.
Одан әрі берешекті өндіріп алу Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Салық бұйрығы қандай жағдайда жойылады?
Салық бұйрығы:
- салық берешегі толық өтелгенде;
- оны шығару тәртібі бұзылғанда;
- жеке тұлғаға қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылғанда;
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылғанда жойылады.
Есте сақтаңыз!
Салық берешегін уақытында өтеу мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімдерінің қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сондықтан салық берешегіңіздің бар-жоғын алдын ала тексеріп, салық міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындаған жөн.







