Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) қазақстандық жоғары оқу орындарының ғылыми әзірлемелері таныстырылды. Халықаралық іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылап жатыр.
Саммит аясында Қазақстанның ұлттық павильоны жұмыс істеп тұр. Онда мемлекеттік мекемелер мен отандық компаниялардың әзірлемелерімен қатар еліміздің үш жоғары оқу орнының алты инновациялық жобасы ұсынылды.
Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Satbayev University және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғылыми жобалары халықаралық қауымдастық назарына ұсынылды. Университет өкілдері қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, экологиялық мәселелерді ғылыми негізде шешу және климаттың өзгеруіне бейімделу бағыттарындағы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Сонымен қатар конференция аясында «Су мұнаралары саласындағы серіктестік: криосфераны зерттеуден Орталық Азияның климаттық тұрақтылығын арттыруға дейін» тақырыбында панельдік сессия өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің бағдарлама менеджері Лариса Когутенко, жоғары оқу орындарының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Панельдік сессияның ашылуында сөз сөйлеген Динара Щеглова Қазақстанда гляциология, криосфераны зерттеу және су ресурстарын басқару салаларында жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ осы бағыттағы зерттеулердің өңірлік экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен климаттың өзгеруіне бейімделудегі маңыздылығына тоқталды.
«Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулерге отандық ғылыми және білім беру ұйымдары елеулі үлес қосып келеді. Олардың қатарында ЮНЕСКО қамқорлығындағы екінші санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы, География және су қауіпсіздігі институты, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті және басқа да ғылыми ұйымдар бар. Аталған мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мұздықтардың жай-күйіне мониторинг жасайды, климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсерін зерделейді және оларды тиімді басқарудың ғылыми негізделген тәсілдерін әзірлейді»,–деді Динара Щеглова.
Өз кезегінде ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев су ресурстарын қорғау, оларды тиімді пайдалану және мұздықтарды зерттеу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексі қабылданды. Құжат су қорын қорғауға, су ресурстарының сарқылуының алдын алуға, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалануға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған. Мұздықтарды зерттеу саласындағы ғылыми күш-жігерді біріктіру мақсатында Алматы қаласында ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы жұмыс істейді. Орталық таулы аймақтардағы қар жамылғысы мен мұздықтардың жай-күйін, сондай-ақ еріген қар суларының ағынын зерттеуге елеулі үлес қосып келеді»,–деді Мансұр Ошурбаев.
Панельдік сессия барысында ғалымдар мен сарапшылар ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін таныстырып, су ресурстарын сақтау, климаттық тәуекелдерді төмендету және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті нығайту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы басым міндеттер талқыланды.
Айта кетейік, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) Анталия қаласында 2026 жылғы 9-20 қараша аралығында өтіп жатыр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









