ФИСКАЛДЫҚ ЧЕКТІ ТАЛАП ЕТІҢІЗ!

    ФИСКАЛДЫҚ ЧЕКТІ ТАЛАП ЕТІҢІЗ!
    Тауар сатып алғанда, жұмыс орындалғанда немесе қызмет көрсетілгенде фискалдық чек төлем жасалғанын растайтын маңызды құжат екенін есте ұстаған жөн.
    Чек қашан берілуі тиіс?
    Ақшалай есеп айырысулар жүргізілген кезде кәсіпкер бақылау-касса машинасын қолданып, нақты төленген сомаға чек беруге міндетті.
    Чек мынадай төлем түрлері кезінде беріледі:
    — қолма-қол ақшамен;
    — банк төлем карточкасымен;
    — мобильді төлемдер арқылы, оның ішінде QR-код арқылы төлем жасағанда.
    Чек қағаз немесе электрондық түрде берілуі мүмкін.
    Маңызды!
    Банк қосымшасындағы түбіртек немесе ақша аударылғаны туралы хабарлама заңнамада БКМ қолдану міндеті көзделген жағдайларда фискалдық чекті алмастырмайды.
    Бұл ретте ақшаны бір банктік шоттан екінші банктік шотқа қолма-қол ақшасыз аудару кезінде БКМ қолдану міндеті туындамайды.
    Егер сізге чек берілмесе не істеу керек?
    Егер тауарға, жұмысқа немесе көрсетілген қызметке ақы төлегеннен кейін сатушы фискалдық чек бермесе, азамат мемлекеттік кірістер органдарына жүгіне алады.
    Өтінішті e-Otinish сервисі арқылы жолдауға болады. Өтініште:
    — кәсіпкердің немесе сауда орнының атауын;
    — мекенжайын;
    — сатып алу күні мен уақытын;
    — сатып алынған тауар немесе көрсетілген қызмет туралы мәліметтерді;
    — растайтын материалдар болған жағдайда оларды көрсету ұсынылады.
    Қандай жауапкершілік көзделген?
    БКМ чегін бермеу немесе нақты төленген сомадан өзгеше сома көрсетілген чек беру бойынша алғаш рет құқық бұзушылық жасалған жағдайда ескерту көзделген.
    Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда:
    — шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 20 АЕК;
    — орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК;
    — ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
    2026 жылы 1 АЕК — 4 325 теңге. Тиісінше, айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 86 500 теңгеден 173 000 теңгеге дейін құрайды.
    Есіңізде болсын: фискалдық чекті талап ету — сіздің құқығыңыз!
    Фискалдық чек сатып алу фактісін растайды, тұтынушының құқықтарын қорғауға және ақшалай есеп айырысулардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары