«Шабыт» академиясы мен полиция қызметкерлері балаларға жол қауіпсіздігін түсіндірді

    «Шабыт» академиясы мен полиция қызметкерлері балаларға жол қауіпсіздігін түсіндірді

    Ақтау қаласында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізілді.

    Іс-шараны «Шабыт» өнер-білім академиясы мен жол полициясы қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – оқушыларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

    Шара барысында полиция қызметкерлері оқушыларға жол жүру ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларда өзін қалай дұрыс ұстау керектігі жөнінде кеңестер берді.

    Балаларға жолды тек белгіленген жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өту, бағдаршамның рұқсат беретін белгісін күту, жолға шығар алдында екі жаққа мұқият қарау және көлік құралдарының толық тоқтағанына көз жеткізу қажеттігі айтылды.

    Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілеріне назар аудару, жолдың жүру бөлігінде ойнамау, көлік жолына жақын жерде абай болу және жүргізушілердің назарын басқа әрекеттермен алаңдатпау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

    Полиция қызметкерлері қазіргі таңда балалар арасында самокат, велосипед және өзге де жеке қозғалыс құралдарын пайдалану кең таралғанын атап өтіп, оларды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Оқушыларға қорғаныс құралдарын пайдалану, жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтірмеу және белгіленген талаптарды сақтау қажеттігі ескертілді.

    Кездесу барысында балалар белсенділік танытып, полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мамандар әр сұраққа жауап беріп, жолдағы қауіпсіздікке қатысты нақты мысалдар келтірді.

    Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін білу ғана емес, оны күнделікті өмірде орындау маңызды екені ерекше атап өтілді. Балалардың қауіпсіздігіне ересектердің де жауапкершілігі зор екені айтылып, ата-аналарға балаларына жол ережесін үнемі ескертіп, өздері үлгі көрсету қажеттігі түсіндірілді.

    Мұндай профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға, қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауына және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.

    Полиция қызметкерлері балаларды жолда әрдайым сақ болуға, асықпай әрекет етуге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

    Жол ережесін сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз!
    Қауіпсіз жол – жарқын болашақ!

    https://www.instagram.com/reel/DcQR8_8uoPu/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары