ШҚО полицейлері адасып кеткен 8 жасар баланы жедел түрде отбасына қайтарды

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    ШҚО полицейлері адасып кеткен 8 жасар баланы жедел түрде отбасына қайтарды

    ШҚО полицейлері адасып кеткен 8 жасар баланы жедел түрде отбасына қайтарды

    Шығыс Қазақстан облысында бейжай қарамайтын азаматтардың қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында адасып кеткен 8 жасар ұл бала тез арада табылып, ата-анасына қайтарылды.

    Оқиға сағат 09:00 шамасында болған. ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары полиция аға лейтенанттары Солтан Баяшев пен Санжар Әскербеков патрульдеу бағытында жүріп, Семей тасжолының шығаберісіндегі Ахмер поселкесі аумағындағы жанармай құю станциясына соққан.

    Полицейлерге ЖҚС қызметкері жүгінген. Ол аумақта ересектердің қарауынсыз жүрген, сөйлемейтін және сасқалақтап қалған баланың жүргенін хабарлаған.

    Тексеру барысында баланың шамамен 8 жаста екенін және даму ерекшеліктері бар екені белгілі болған. Баланың қолында ұялы телефон болып, соның арқасында полиция қызметкерлері оның әкесімен байланысқа шыққан.

    Анықталғандай, бала үйдің кіреберіс есігі ашық қалған сәтте байқаусызда далаға шығып кеткен. Ата-анасы оның жоғалғанын байқап, баланы өз бетінше іздеп жүрген болатын.

    Мекенжайын анықтағаннан кейін полицейлер баланы дереу үйіне жеткізіп, ата-анасына табыстаған. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына ешқандвй қауіп жоқ.

    Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ата-аналарға балалардың, әсіресе даму ерекшеліктері бар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, мүмкіндігінше оларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары