
Алматы қаласында абаттандыру қағидалары мен аумақтардың санитарлық тазалығын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Осындай рейдтік іс-шаралардың бірі жақында Алатау ауданында өтті. Полиция қызметкерлері аумақтардың жай-күйін тексеріп, қоршаған ортаны ластау, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс үйінділерінің пайда болуы және қоғамдық орындарды күтіп-ұстау талаптарының сақталуына ерекше назар аударды.
Рейд барысында жекелеген аумақтардың тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы және қалдықтардың белгіленбеген орындарға төгілу фактілері анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заңнамада көзделген шаралар қабылдануда.
Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау жүйелі түрде, қаланың барлық ауданында жүргізіледі.
«Қала тазалығы мен тәртібі коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қана қоймай, азаматтарға белгіленген талаптарды түсіндіру арқылы олардың алдын алу», – деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Алматы қаласында ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 8 590 құқық бұзушылық анықталған.
Алматы полициясы тұрғындарды тазалық сақтауға, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төкпеуге, қоғамдық аумақтарға ұқыпты қарауға және қаладағы тәртіпті бірлесе сақтауға шақырады.
Таза Алматы – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз бен туған қаламызға деген құрметіміздің көрінісі.








