
Бүгін Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен, аудан прокуроры Қайсар Бекмұратовтың қатысуымен алдағы Құрылтайға байланысты сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына дайындық мәселелері талқыланған кеңейтілген жұмыс жиыны өтті.
Жиынға сайлау учаскелерінің төрағалары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жауапты бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты. Басқосу барысында сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес жоғары деңгейде ұйымдастыру, учаскелердің толық дайын болуын қамтамасыз ету және сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібінде сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, қажетті жиһаздар мен техникалардың дайын болуы, байланыс құралдарының үздіксіз жұмыс істеуі, электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы, сондай-ақ бейнебақылау камераларын орнату және олардың талапқа сай жұмыс істеу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау процесіне толыққанды қатысуына жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Осы бағытта пандустардың қолданыстағы талаптарға сәйкестігі, ғимараттарға кедергісіз кіру мүмкіндігі және сайлаушыларға қолайлы орта қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Жиын барысында сайлау өтетін нысандардың санитарлық жағдайы, ішкі және сыртқы жарықтандырылуы, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы ұйымдастыру шаралары да егжей-тегжейлі қаралды. Жауапты сала басшылары өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы күндері орындалатын міндеттерді таныстырды.
Аудан әкімі Ермек Карентаев сайлау – мемлекеттік маңызы бар жауапты саяси науқан екенін атап өтіп, барлық жұмыстардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде жүргізілуі қажеттігін айтты. Ол жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды, сайлау учаскелерінің толық дайын болуын қамтамасыз етуді және әрбір ұйымдастыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты мекемелер мен ұйымдарға нақты міндеттер жүктеп, 15 тамызға дейін аудан аумағындағы барлық сайлау учаскесін толық дайындыққа келтіруді міндеттеді. Сонымен қатар дайындық жұмыстарының орындалу барысы тұрақты бақылауда болып, сайлау күні тұрғындардың өз таңдауын еркін әрі қауіпсіз жағдайда жүзеге асыруына барлық қажетті жағдай жасалатыны атап өтілді.







