Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтеді

    Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтеді

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамту жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда.

    Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жұмыс берушілер сұранысына сай білікті кадрлар даярлау. Қысқа мерзімді оқыту жұмыссыз азаматтарға аз уақыт ішінде практикалық дағдыларды меңгеруге, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік беріп, олардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.

    Соңғы үш жылда қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 30 387 адам қамтылды. Оның ішінде 21 781 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.

    Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде мансап орталықтарының жолдамасымен колледждерде, оқу орталықтарында немесе тікелей жұмыс орындарында өткізіледі.

    Оқыту мемлекет қаражаты есебінен толық қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысушыларға оқу кезеңінде ай сайын 43 574 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді. Бұдан бөлек, медициналық тексеруден өтуге материалдық қолдау көрсетіліп, оқу тұрақты тұрғылықты жерінен тыс жерде ұйымдастырылған жағдайда жол жүру және тұрғын үйді жалға алу шығындары өтеледі.

    Оқытудың тиімділігі жұмыспен қамту көрсеткіштері арқылы айқын көрінеді. Білім беру ұйымдарында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды 20 517 адам аяқтап, олардың 16 496-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Осылайша, жұмысқа орналасу деңгейі 80%-ды құрады.

    Жұмыс берушілердің базасында ұйымдастырылатын практикалық оқыту да жоғары нәтижелер көрсетуде: оқуды 6 359 адам аяқтап, олардың 5 285-і жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамту деңгейі 83,1% болды.

    Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту – жаңа мамандықты тегін меңгеруге, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды игеруге және тұрақты жұмысқа орналасу ықтималдығын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік қолдау шарасы.

    Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгіну қажет.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары