Қазақстан Президентінің Жолдауы және іскерлік ынтымақтастықты кеңейту перспективалары Гонконгта талқыланды

    1 / 4

    Қазақстан Республикасының Гонконг АӘА-дағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов дөңгелек үстел форматында Гонконгтың сауда-өнеркәсіп және сарапшылар қауымдастықтарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

    Келіссөздер барысында Бас консул гонконгтық серіктестерді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауымен таныстырып, құжат мәтінін танысу үшін табыс етті. Талқылаудың негізгі тақырыптары жасанды интеллектіні дамыту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту болды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация перспективалары мен Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына арналған салықтық ынталандыру шаралары қаралды.

    Гонконг Қытай өндірушілер қауымдастығының басшылығымен – президент Вингко Ло, вице-президент Роберт Лок және бас атқарушы директор Айда Нгпен кездесу барысында тараптар ұйымның іскерлік делегациясының ағымдағы жылдың 19-22 қазанында Алматыға жасаған сапарының қорытындысын шығарды. Іскер топтардың бұл сапары Гонконг АӘА Әкімшілігінің Басшысы Джон Лидің ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстанға жасаған сапарының тікелей практикалық нәтижесі болды. Қауымдастық басшылығы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аудара отырып, Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетіне қызығушылық білдірді.

    Жолдаудың негізгі тезистерімен танысқан қауымдастық өкілдері Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық реформалары мен цифрлық бастамаларын жоғары бағалап, бұл шаралар Қазақстанның еуразиялық кеңістіктегі тұрақты экономикалық серіктес ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

    Гонконг кәсіпқойлар және жоғары лауазымды басшылар қауымдастығының басшылығымен өткен кездесуде тараптар Гонконг пен Қазақстан арасындағы сарапшылық өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады. Талқылауға президент Нг Чун Шин, вице-президент Ричард Ли, халықаралық істер жөніндегі комитеттің тең төрағасы Генри Хо және қауымдастықтың экс-президенті профессор Герман Ху қатысты.

    Ұйым өкілдері 2027 жылдың көктемінде Қазақстанға құрамында 20-30 адамы бар, жетекші сарапшылар, заңгерлер және жоғары буын басшылары кіретін делегация жіберуді жоспарлап отырғандарын хабарлады.

    Мемлекет басшысы Жолдауының басымдықтарын талқылау барысында қауымдастық басшылығы Қазақстанның адами капиталды дамытуға және жаңа экономика үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған стратегиялық курсына қолдау білдірді. Қауымдастық өкілдері гонконгтық тараптың кәсіптік білім беру, басқарушы кадрлардың біліктілігін арттыру және білім трансфері саласындағы озық тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін атап өтті.

    Кездесуге қатысушылардың пікірінше, екі өңір мамандары арасындағы байланыстарды нығайту және жоспарланған көктемгі сапар Қазақстанда бірлескен білім беру және сарапшылық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді.

    Кездесулер соңында гонконгтық серіктестер Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі стратегиялық бағдарлары тараптардың ұзақ мерзімді өзара іс-қимылының негізін қалайтынын атап өтті. Сұхбаттасушылар Қазақстан Президентінің жарияланған бастамаларын практикалық жүзеге асыру Қазақстан мен Гонконг арасындағы серіктестікті бұдан әрі кеңейту үшін берік негіз болатынына сенім білдірді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының ҚХР Гонконг және Макао АӘА-ғы аудандарындағы Бас консулдығы" жаңалықтары