ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыскерлер жұмыс берушінің өздері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік аударымдарды аударып отырғанын өз бетінше тексере алатынын еске салады. Бұл туралы мәліметтерді eGov.kz порталы, жекелеген банктердің мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ ХҚКО-ға немесе Қордың филиалына жеке жүгіну арқылы алуға болады.
Әлеуметтік аударымдардың уақтылы әрі толық төленуі жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуында маңызды рөл атқарады. Осы аударымдар негізінде адамның табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы ескеріледі. Бұл көрсеткіштер тиісті әлеуметтік төлемдерді алу құқығын айқындау және олардың мөлшерін есептеу үшін қажет.
Жалпы тәртіп бойынша жұмыс берушілер жұмыскерлер үшін әлеуметтік аударымдарды өз қаражаты есебінен төлейді. Ол жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды. Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі заңнамаға сәйкес оларды есептеу үшін қабылданатын табыстың 5%-ын құрайды. Аударымдар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбекке қабілеттіліктен айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайларында әлеуметтік төлемдер алуды көздейді. Жүйеге қатысушы қайтыс болған жағдайда, заңнамада белгіленген талаптар сақталған кезде оның асырауындағы отбасы мүшелері асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік тәуекелдің түріне, әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс мөлшеріне және жүйеге қатысу ұзақтығын қоса алғанда, заңнамада көзделген өзге де өлшемшарттарға байланысты айқындалады.
Аударымдарды тексеру үшін eGov.kz порталында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жағдайы мен қозғалысы туралы ақпарат беру» қызметін пайдалану қажет. Ол үшін пайдаланушы қажетті мәліметтер қамтылатын кезеңді таңдап, электрондық сұрау салуды жолдайды. Нәтижені жеке кабинеттен көруге болады.
Сондай-ақ мәліметтерді жекелеген банктердің мобильді қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен алуға болады. ХҚКО-ға немесе МӘСҚ филиалына жүгінген кезде жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет. Бұл ақпарат аударылған сомалар мен қаражат түскен кезеңдерді тексеруге мүмкіндік береді.
Егер жекелеген айлар бойынша әлеуметтік аударымдар түспегені анықталса немесе олардың мөлшеріне қатысты сұрақтар туындаса, мәліметтерді салыстырып тексеру үшін жұмыс берушіге немесе бухгалтерияға жүгіну қажет. Жұмыс беруші әлеуметтік аударымдарды төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда, жұмыскер олардың толық әрі уақтылы аударылуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органдарына өтініш беруге құқылы.
Әлеуметтік төлемдерге қатысты кеңесті МӘСҚ филиалдарынан және 1414 бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады. Әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде тексеру олардың уақытылы түспеуін немесе мәліметтердегі сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтап, әлеуметтік тәуекел туындағанға дейін тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









