Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 6 қараша – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі тұстарын таныстыруға арналған брифинг өтті.
Іс-шараға Моңғолияның бұрынғы Президенті, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов қатысушыларды Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі тұстарымен таныстырып, еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың басты бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын жаңғырту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және Моңғолияның Орталық Азия, Кавказ, Түркия мен Еуропа нарықтарына шығуына қосымша жол ашатын жаңа көлік дәліздерін қалыптастыру мүмкіндіктері таныстырылды.
Екіжақты қатынастар жөнінде айтқан А.Сейтақынов Қазақстан және Моңғолия Президенттерінің 2024 және 2026 жылдардағы өзара мемлекеттік сапарлары стратегиялық әріптестіктің дамуына тың серпін бергенін атап өтті. Осы орайда өзара тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына жеткізу жөніндегі уағдаластықтар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларында бірлескен жобаларды іске асыру барысына тоқталды. Сондай-ақ, елдеріміз 2027 жылы атап өтетін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығының маңыздылығын тілге тиек етті.
Талқылау барысында моңғолиялық сарапшылар Президент Жолдауындағы негізгі мәселелерге жоғары баға беріп, оның стратегиялық бағыты мен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңыздылығын баса назар аударды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар екі ел арасындағы нақты іс-жүзіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге және қазақ-моңғол әріптестігін одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Брифинг аясында Қазақстан туралы бейнеролик көрсетіліп, қазақтың домбырасы мен моңғолдың морин хуур аспабында екі халықтың тарихи және мәдени жақындығын көрсететін музыкалық шығармалар орындалды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







