https://www.unuudur.mn/a/284715
Қазақстан – биік мақсаттар елі
2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялады. Бұл – Қазақстанда көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр. Мемлекет басшысы жыл сайын Жолдау арқылы елдің орта және ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, елдегі ахуалға баға береді, азаматтарды өзекті мәселелерден хабардар етеді және Үкімет пен басқа да құзырлы органдарға нақты міндеттер жүктейді.
«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдау Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында, ауқымды реформалар аясында жаңа Конституция қабылданып, Құрылтай деп аталатын бір палаталы Парламент жаңа жүйе бойынша жұмысын бастаған кезеңде жарияланды.
Қазақстан қуатты экономикасы, заманауи инфрақұрылымы және дамыған технологиясы бар елдердің қатарына қосылуға ұмтылуда. Бұл бағыттар ел егемендігін нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі алғышарттары саналады.
Инвестициялар, көлік, энергетика, жасанды интеллект және өнеркәсіпті әртараптандыруға негізделген жалпыұлттық құрылыс бағдарламасы Жолдаудың негізгі өзегіне айналды. Президент жаңа бастамаларды тиімді іске асыру, жеке инвестиция тарту, заң үстемдігін орнату және ұлттық бірлікті нығайтуды «Әділетті, Қуатты, Таза және Өркендеген Қазақстанның» негіздері ретінде атап өтті.
Президент Тоқаевтың Жолдауындағы негізгі мәселелер
Қ.Тоқаев Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба – «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады. Ол 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, барлық өңірде әлеуметтік нысандар, көлік инфрақұрылымы, коммуналдық желілер мен тұрғын үй құрылысы бойынша ірі жобалар іске асырылатынын мәлімдеді.
Қазақстанда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, болашақ ұрпаққа қаржы резервін қалыптастыру мақсатында құрылған Ұлттық қорда 66,7 миллиард АҚШ доллары жинақталған. Қ.Тоқаев алдағы үш жылда инфрақұрылымды жаңғыртуға осы қордан 14,27 миллиард АҚШ доллары, оның ішінде алдағы төрт айда 3,29 миллиард АҚШ доллары бөлінетінін айтты.
2026 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард АҚШ долларына жуықтап, жан басына шаққандағы ЖІӨ 19 000 АҚШ долларынан асады деп жоспарланған. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 миллиард АҚШ долларынан асады.
Қазір шағын және орта бизнес елдің ЖІӨ-нің 40 пайызын құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру үшін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қарастырылуда.
Қазақстан жыл сайын шамамен 123 миллиард кВт·сағ электр энергиясын өндіргенімен, тапшылық сақталып отыр. Қ.Тоқаев 2029 жылға қарай тұрақты электр энергиясы профицитіне қол жеткізуді міндеттеді. Келесі жылы Балқаш атом электр станциясының құрылысы басталмақ, ал Мойынқұм АЭС-іне қатысты жұмыстар да көп ұзамай қолға алынбақ. Президент атом электр станцияларын жүз жыл бойы ядролық отынмен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік стратегиялық уран қорын құруды ұсынды.
2027 жылы Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісі іске қосылып, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау қуаты 20 миллион тоннаға артады. Екі ай бұрын құрылысы басталған Арал – Каспий дәлізі Транскаспий бағытын мың шақырымға, жеткізу уақытын үш күнге қысқартуға мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарындағы барлық шекара бекеттері келесі жылы жаңғыртылады. Астанада жаңа әуежай салынып, Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі әуежайлары пайдалануға беріледі.
Digital Qazaqstan бағдарламасы аясында екі суперкомпьютер іске қосылды, үшіншісі 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, жаңа деректер орталықтары салынуда. Жасанды интеллект мемлекеттік басқаруды жетілдіру, бюрократияны азайту және тиімсіз мемлекеттік шығыстарды анықтау үшін қолданылып жатыр.
Қ.Тоқаев геологиялық барлау саласын технологиялық жаңғыртуға, геологиялық деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, пайдалы қазбаларды іздеу мен игеруге жеке инвестицияларды көбірек тартуға шақырды. Инфрақұрылымдық жобалар құрылыс материалдары, металл өнімдері және инженерлік жабдықтар өндіретін отандық кәсіпорындарға да серпін береді.
2025 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік өнім көлемі шамамен 6 пайызға өсіп, 33 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Президент саланы дамыту үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін қарастыруды ұсынды. «Бәйтерек» холдингі құны 1,1 миллиард АҚШ долларынан асатын, қолжетімді қаржыландыруды қажет ететін перспективалы азық-түлік өнеркәсібі жобаларын анықтады.
Су тапшылығын шешу – шұғыл міндеттердің бірі. Президент су желілеріндегі шығынды азайтуды, тұтынуды бақылауды күшейтуді, су тарифтері реформасын аяқтауды және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін жедел әзірлеуді тапсырды. NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтың Астанаға сапарынан кейін Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығында тиімділікті арттыру және өндірісті жаңғырту мақсатында жасанды интеллектіні енгізуді жеделдетуді қолдады.
Үкімет Салық кодексіндегі түсініксіз нормалар мен бизнеске түсетін шамадан тыс жүктемені жою үшін заңға түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сонымен қатар Қ.Тоқаев заңды түрде иеленген активтерді қорғау қағидатын растай отырып, ауқатты азаматтарға жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді ұсынды.
Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін өсіп, 1,8 миллион адамның табысы артады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы 77 000-нан астам қызметкердің жалақысы 40 пайызға дейін көбейеді.
Жақын жылдары Қазақстанда 8 заманауи перинаталдық орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасы және 2 медициналық нысан салынады.
2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспары әзірленеді. Онда орталық мемлекеттік органдардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейінгі басқару құрылымдарын қайта қарау, рәсімдерді оңтайландыру және жасанды интеллектіні пайдалану көзделген.
Сондай-ақ бір жыл ішінде Қазақстанның даму бағытының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы әзірленеді. Онда Президент ұсынған «Ел бірлігі», «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары қамтылады.
Түйін сөз
Қазақстан – Орталық Азияның көшбасшы мемлекеттерінің бірі, экономикасы қуатты әрі инфрақұрылымы дамыған ел. Соңғы жылдары Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық ерекше қарқынмен дамуда. 2024 жылы Қ.Тоқаев Моңғолияға, 2026 жылы У.Хүрэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен барды. Екі ел басшылары стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойып, өзара сауда айналымын 500 миллион АҚШ долларына жеткізуге уағдаласты. Осы бағытта «Қазақстан – Моңғолия» үкіметаралық комиссиясының отырысы да табысты өтті. Екі ел ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, өнеркәсіп, тау-кен, цифрландыру және жаңа технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән беруде.
Президент Жолдауындағы басым мәселелердің көпшілігі екі ел ынтымақтастығын дамытуға негіз болатын салаларға қатысты. Сондықтан Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыстар алдағы уақытта жаңа серпінге ие болары анық. Бұған қоса Астана – Ұлан-Батыр және Алматы – Ұлан-Батыр бағыттарындағы тұрақты әуе рейстері бар екенін ескерсеңіз, екі елдің сауда-экономикалық байланысы мен азаматтардың өзара қатынасы одан әрі дамитыны сөзсіз.
Біз – Еуразияны мекендеген киіз туырлықты көшпенділер өркениетінің мұрагерлеріміз. Тарихымыз ортақ, тамырымыз бір, өмір салтымыз бен әдет-ғұрпымыз ұқсас. Сондықтан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ынтымақтастығымызды жаңа дәуірде жаңа сипатта дамыту екі елге де тиімді болмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








