Қазақстанға көшіп келуді ойлап жүрсіз бе? Олай болса, этникалық қазақтар үшін қоныс аудару тәртібін біле жүріңіз.
Бірінші қадам – өңірді таңдау. Елде қоныс аудару үшін жеті өңір белгіленген. Алдын ала тұрмыс жағдайлары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін нақтылап алған жөн.
Екінші қадам – ҚАЗТЕСТ. testcenter.kz сайтында қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тесттен өтесіз. 60 сұрақтан тұратын тесттің әр бөлімі, яғни тыңдалым мен оқылым бойынша кемінде 70 пайыз дұрыс жауап беру керек.
Үшінші қадам – сауалнаманы толтыру. Біліміңіз, жұмыс тәжірибеңіз, кәсіби дағдыларыңыз, тілдерді меңгеру деңгейіңіз, денсаулық жағдайыңыз және отбасы құрамы туралы мәліметтерді көрсету керек. Осы деректер негізінде балдық бағалау, яғни скоринг жүргізіледі.
Төртінші қадам – мемлекеттік тексеру. Өтініш берушінің мәліметтерін арнайы және құқық қорғау органдары тексереді.
Бесінші қадам – сұхбаттасу. Тексеруден кейін үміткермен сұхбаттасу өткізіліп, тиісті шешім қабылданады.
Алтыншы қадам – қандас мәртебесін алу. Скорингтен сәтті өткеннен кейін қандас мәртебесін алу үшін тиісті өтініш беруге болады.
Жетінші – мемлекеттік қолдау. Өңірлік квотаға енгізілген жағдайда қоныс аударуға, тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидиялар қарастырылған.
Сегізінші – бейімделу және қоғамға кірігу. Мамандандырылған орталықтар құжаттарды рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға және балаларды білім беру ұйымдарына орналастыруға көмектеседі.
Тоғызыншы – тұрақты тұруды рәсімдеу. Алдымен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу қажет. Содан кейін тұруға ықтиярхат рәсімделеді.
Қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, барлық кезеңнен ретімен өтіңіз.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








