Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Мәртебелі мейманның құрметіне резиденция алдында еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Тәжікстанның Мемлекеттік туларын желбіретіп ұшты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады.
Содан кейін президенттер келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Тәжікстан көшбасшысына ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті.
– Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз. Қазақтар тарихы бай, төл мәдениеті мен рухани мұрасы байтақ көне ұлт ретінде тәжік халқына құрметпен қарайды. Сіздің парасатты әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан көптеген салада ауқымды реформалар жүргізіп, таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Осы өзгерістердің нәтижесі экономиканың орнықты өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс тауып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.
– Елдеріміздің үкіметтері уағдаластықтарды толығымен жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды. Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да дәйекті түрде кеңеюде.
– Мәдениет күндері алма-кезек өткізіліп, көрнекті тұлғалардың ескерткіштері ашылды. Душанбеде Абай бюсті, Астанада Ибн Сина ескерткіші бой көтерді. Білім беру мен жастар саясаты салаларындағы ықпалдастық жоғары деңгейде. Жастар, ғалымдар мен зиялылар форумдары жиі өткізіледі. Сондықтан өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелер үшін мақтануға да, қуануға да толық негіз бар. Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды. Әлбетте, бұдан бауырластық байланыстарымыздың бірегей сипатын көреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәжікстан Президенті екі елдің ынтымақтастығы барлық салада қарқынды ілгерілеп келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Тәжікстанның алдыңғы қатарлы сауда және экономикалық серіктестерінің санатына кіреді.
– Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымызда да оң динамика сақталып отыр. Мәдени, білім беру және академиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру. Жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың тыңғылықты іске асырылуына қолдау көрсетуіміз қажет. Бүгінгі келіссөзіміз барлық бағыттағы ықпалдастықты одан әрі дамытудың нақты қадамдарын айқындайды, – деді Эмомали Рахмон.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне назар аударылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі елдің ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасты:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі арасындағы Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадр даярлау саласындағы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі арасындағы тау-кен өндіру және тау-кен металлургиясы салаларындағы жобаларды дамыту мақсатында ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы тауар айналымын 2030 жылға дейін ұлғайту жөніндегі жол картасы;
- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Тәжікстан Республикасы Бас прокуратурасы арасындағы серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы агенттігі арасындағы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ақпараттық ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігі арасындағы мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;
- Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі 2027-2028 жылдарға арналған жол картасы;
- Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған өзара іс-қимыл жоспары;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Тәжікстан Республикасы Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі арасындағы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі арасында электрондық коммерция жүйесін дамыту саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Телевизия және радио комитеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









