«Таза Қазақстан»: Астанада тазалық талаптарын бұзғандарға бақылау күшейді

    «Таза Қазақстан»: Астанада тазалық талаптарын бұзғандарға бақылау күшейді

    Астанада полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, тазалықты сақтау және қолайлы экологиялық ахуалды қолдау бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Күнделікті патрульдеу барысында қоғамдық орындарды ластау фактілері анықталады. Атап айтқанда, темекі тұқылын және өзге де қоқысты жерге тастау, қоғамдық орындарда түкіру, қалдықтарды белгіленбеген жерлерге төгу, сондай-ақ жүк және ассенизаторлық көліктердің ағынды суларды заңсыз төгу деректері тіркелуде. Сонымен қатар, аумақтарды абаттандыру және санитариялық күтіп-ұстау қағидаларын бұзудың алдын алуға ерекше назар аударылады.

    Кезекті рейдтік іс-шара барысында Е. Серкебаев көшесінде құрылыс алаңына іргелес аумақты тиісті деңгейде күтіп ұстамаған, сондай-ақ құрылыс нысанын қоршауға қойылатын талаптарды бұзған екі құрылыс ұйымы анықталды. Жіберілген заң бұзушылықтар үшін әрбір ұйымға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік шаралары қолданылды.
    Сонымен қатар, профилактикалық жұмыс барысында полиция қызметкерлері 34 жастағы азаматтың әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын анықтады. Ол темекі шеккеннен кейін тұқылын жерге тастап, кейін автокөлігіне отырған. Тәртіп бұзушының жеке басы анықталды.
    Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін шамамен 400 азамат, ал қалаларды абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 27 мыңнан астам адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

    Елорда тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

    #ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары