
Астанада қазан айының басында академиялық вокал өнері саласындағы айтулы оқиғалардың бірі Нұржамал Үсенбаеваның ІІ Халықаралық вокалистер байқауы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
1 қазанда байқаудың салтанатты ашылу салтанаты болып, төрайымы Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева бастаған қазылар алқасының мүшелері әлемдік опера классикасының тамаша үлгілерін орындады. Құттықтау сөзімен ҚР Құрылтай депутаты Ерлан Саиров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Қазақстанның халық әртісі Хорлан Қалиламбекова сөз сөйледі.
Байқауға әлемнің түрлі елдерінен келген 20-35 жас аралығындағы барлық дауыс түріндегі кәсіби вокалистер қатысты.
Байқаудың мақсаты – қазақстандық мәдениетті халықаралық кеңістікте таныту, ұлттық вокалдық мектептің үздік дәстүрлерін сақтау, дамыту және жалғастыру.
Байқаудың негізгі міндеттері – дарынды жас әншілерді анықтау және қолдау, жаңа таланттарды таныту, орындаушылық шеберлікті жетілдіру, ұлттық вокалдық мектепті озық халықаралық тәжірибемен байыту, қазақстандық композиторлардың шығармашылық мұрасын насихаттау және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту.
Байқау жас орындаушылар үшін үлкен шығармашылық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды алаңға айналды. Оның лауреаттары кәсіби шығармашылық жолында жаңа белестерді бағындыруға, жетекші театрлармен және концерттік ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алды.
Байқаудың қазылар алқасы әлемдік музыкалық өнердің көрнекті өкілдерінен құралған.
Байқауға өтінім қабылдау 2026 жылғы 5 қыркүйекте аяқталды. Іріктеу кезеңіне әлемнің 11 елінен 85 өтінім келіп түсті. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Литва, Қырғызстан және Түркия бар. І турға 30 вокалист жолдама алды.
Конкурстық тыңдаулар Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық және Концерттік залдарында өтті. Байқау аясында халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Байқаудың басты ерекшеліктерінің бірі – финалдық кезеңде қатысушылардың Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуі. Оркестрге Қазақстанның Халық әртісі, оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Абзал Мұхитдин дирижерлік етті.
Нұржамал Үсенбаеваның II Халықаралық вокалдық өнер байқауы лауреаттар мен қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен өткен Гала-концертпен өз мәресіне жетті.
Финалист дипломдарымен марапатталғандар:
* Myagmarsuren Khurelbaatar (Моңғолия);
* Атахан Айбек уулу (Қырғызстан);
* Перл Вейнман (АҚШ);
* Jambaljav Khishigbat (Моңғолия).
«Мир через культуру» халықаралық қауымдастығының арнайы ақшалай сыйлығының иегерлері:
* Вероника Мешкова (Ресей);
* Перл Вейнман (АҚШ);
* Myagmarsuren Khurelbaatar (Моңғолия);
* Атахан Айбек уулу (Қырғызстан).
Халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің арнайы сыйлықтары:
1. Pehlivanian Professional Opera Academy арнайы сыйлықтары
* Мақсат Саматов (Қазақстан);
* Дінмұхамед Көшкінбаев (Қазақстан);
* Талғат Аллабиринов (Қазақстан);
* Аяжан Қуанышалиева (Қазақстан);
* Jambaljav Khishigbat (Моңғолия);
* Данияр Төлегенов (Қазақстан).
2. Ши Хэннің арнайы сыйлықтары (Opera Center Shanghai, Қытай)
* Isabelle Luisa Nahrstedt (Германия) – Джульетта партиясын орындау және Шанхай мен Ханчжоу қалаларындағы концерттерге қатысу мүмкіндігі;
* Вероника Мешкова (Ресей) – Шарль Гуноның «Фауст» операсындағы Маргарита партиясын орындау құқығы (2027 жылғы маусым);
3. Дейвидас Стапонкустың арнайы сыйлығы (Литва)
* Isabelle Luisa Nahrstedt (Германия) - XVII St. James халықаралық фестиваліне қатысу мүмкіндігі.
4. Джанни Леччезенің арнайы сыйлығы (Италия)
* Аяжан Қуанышалиева (Қазақстан) – Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Мюзетта партиясын орындау және Италиядағы Oltre Lirica Music Festival халықаралық фестиваліне қатысу мүмкіндігі (2027 жылғы маусым).
Байқау қатысушыларының біріне белгілі қазақстандық суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Алпысбай Қазғұлов ерекше сый дайындады. Суретші өзінің авторлық картинасын арнайы жүлде ретінде тағайындап, оны Аяжан Қуанышалиеваға (Қазақстан) табыстады.
III сыйлықтың лауреаттары:
* Талғат Аллабиринов (Қазақстан);
* Изабель Луиза Нарштедт (Германия);
* Эдгарас Давидовичюс (Литва).
II сыйлықтың лауреаттары:
* Чжао Юэхань (Қытай);
* Анатолий Бадаев (Ресей);
* Munkhtuvshin Khorolgarav (Моңғолия).
I сыйлықтың лауреаты Дінмұхамед Көшкінбаев (Қазақстан).
Байқаудың Гран-при жүлдесі Қазақстан өкілі Мақсат Саматовқа бұйырды. Гран-при жүлдесінің ақшалай көлемі – 5 000 000 теңге.








