Астана әкімі педагогтарды Ұстаздар күнімен құттықтады

    Астана әкімі педагогтарды Ұстаздар күнімен құттықтады

    Астана қаласының әкімі Ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    «Құрметті ұстаздар мен білім саласының ардагерлері! Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
    Мұғалім болу – әр баланың бойындағы қабілетін танып, өзіне деген сенімін арттырып, болашағына жол сілтеу. Балаларымыздың әрбір жетістігінің артында сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, ұстаздық ұстанымдарыңыз бен күнделікті еңбектеріңіз тұр.

    Педагог – білім беру жүйесінің негізгі тұлғасы. Бүгінде елордада 29 мыңнан астам ұстаз еңбек етеді, оның 20 мыңнан астамы мектептерде жұмыс істейді. Білім беру сапасы мен елордамыздың болашағы негізінен сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге байланысты.

    Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елордада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылды. Сол сияқты ұстаздарды қолдауға және кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, соңғы бір жарым жылда 12 мыңға жуық мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

    Ұстаздық жолды таңдайтын жастардың қатары көбейіп жатқаны қуантады. Бүгінде қаладағы жоғары оқу орындарында 5 мыңға жуық студент педагогикалық мамандық бойынша білім алып жүр. Биыл 500 жас маман елорданың мектептерінде еңбек жолын бастады.

    Мерекелеріңіз құтты болсын! Шәкірттерге сапалы білім мен тәлім-тәрбие берудегі еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен қамқорлықтарыңыз үшін алғысым шексіз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары