Астанада голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты алғаш рет өтеді

    Биыл Астанада алғаш рет голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. IBSA Goalball World Youth Championships халықаралық турнирі елордада 29 қараша мен 4 желтоқсан аралығында өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Көру қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы халықаралық жарысқа 16 елден 200-ден астам спортшы қатысады. Олар Бразилия, Аустралия, Канада, Испания, Германия, Үндістан, Израиль, Корея Республикасы, Польша, Ресей, Швеция, Түркия, АҚШ, Аустрия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің намысын қорғайды.

    Әлем чемпионатының жүлделері үшін ерлер және әйелдер сынға түседі. Қатысушылар арасында Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері де бар. Қазақстан атынан жарысқа ұлттық құраманың ерлер және әйелдер командалары қатысады.Чемпионаттың құрметті қонағы – Халықаралық зағиптар спорты федерациясының (IBSA) бас хатшысы Руфат Гаджили.

    Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 29 қараша күні сағат 16:30-да өтеді. Ал 30 қараша мен 4 желтоқсан аралығында матчтар күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Жарыстың соңғы күні финалдық кездесулер өтеді.

    Әлем чемпионаты Халықаралық зағиптар спорты федерациясының (IBSA), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

    Жарысты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қазақстанның Голбол федерациясы және «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады.

    Чемпионаттың бас серіктесі – Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиадалық комитеті.
    Турнир Тұран даңғылы, 4/2 мекенжайында орналасқан «Beeline Arena» спорт кешенінде өтеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары