1 / 10
Көксарай ауылында 190 орындық жаңа «Көксарай» бөбекжай балабақшасы ашылып, ауыл тұрғындары қуанышты жаңалыққа куә болды.
Жаңа әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов пен Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай қатысып, ауыл тұрғындарын игілікті істің жүзеге асуымен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде бала тәрбиесі мен білім беру саласына жасалған әрбір инвестицияның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен білім алуға қолайлы жағдай жасау ауданның басты басымдықтарының бірі екенін жеткізді.
Салтанатты шарада ауданның Құрметті азаматы Оңал Тоқбергенов пен білім саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматшасы Мейрамкүл Тұрлыбек сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, бүлдіршіндердің болашағына арналған игі бастамаға ақжарма тілектерін білдірді.
Бес мыңнан аса тұрғыны бар Көксарай ауылында жаңа балабақшаның ашылуы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін арттырып, ата-аналар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жол ашатын маңызды қадам. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыруға да өзіндік үлес қосады.
Балабақшаның салынуына және ел игілігіне берілуіне ұйытқы болған құрылтайшы Мүталхан Саттар Нұржанұлына ауылдың әлеуметтік дамуына қосқан үлесі мен азаматтық жанашырлығы үшін аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты рәсімнен кейін аудан әкімі мен шараға қатысушылар жаңа балабақшаның ішін аралап, ғимараттың бөлмелерімен, бүлдіршіндерге жасалған жағдайлармен және нысанның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.
Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Бүлдіршіндерге жасалған қамқорлық пен олардың сапалы тәрбие алуына жағдай жасау – ертеңгі елдің іргесін бекемдеудің негізі.
Жаңа балабақша Көксарай ауылындағы балалардың шат күлкісіне толып, тәрбие мен танымның, мейірім мен ізгіліктің ордасына айналмақ.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







