Радикализмге қарсы ортақ ұстаным

    Қоғамдық келісім ортақ құндылықтармен ғана емес, бір-бірін тыңдай білу, мәдени және діни ерекшеліктерді құрметтеу, өзара түсіністікке ұмтылу арқылы қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, ашық диалог радикалды көзқарастар мен экстремистік идеологиялардың таралуына жол бермеудің маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

    Діни радикализмге қарсы іс-қимыл мәселелері Абай облысының теологтары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің басын қосқан дөңгелек үстелде талқыланды.

    Қатысушылар діни радикализмнің алдын алу, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ қоғамда шиеленіс пен алауыздық тудыруы мүмкін идеялардың таралуына жол бермеу мәселелеріне назар аударды.

    Дөңгелек үстел барысында қатысушылар діни радикализмнің алдын алу бағытындағы қазіргі сын-қатерлер жөнінде пікір алмасты. Теологтар радикалды идеологиялық ықпалдың белгілерін дер кезінде анықтау, діни сауаттылықты арттыру және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру қажеттігін атап өтті. Ал этномәдени бірлестіктердің өкілдері этносаралық келісімді сақтау, мәдени дәстүрлерді құрметтеу және түрлі этнос өкілдері арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

    Қоғамдағы өзара құрмет пен сенім ахуалын сақтауда этномәдени бірлестіктердің рөліне ерекше мән берілді. Әр этностың өзіндік мәдени тәжірибесі, дәстүрі мен қоғамдық өзара іс-қимыл ерекшеліктері бар. Олардың профилактикалық жұмыстарға қатысуы халықпен диалог аясын кеңейтуге, өзара түсіністікті нығайтуға және радикалды көзқарастардың таралу қаупіне дер кезінде назар аударуға мүмкіндік береді.

    Теологтар діни сауаттылықты арттырумен қатар, діни ұрандармен таратылатын ақпаратқа сыни көзқараспен қараудың маңыздылығын да атап өтті. Діни сенімдерді араздықты қоздыру, адамдарды бір-біріне қарсы қою және азаматтарды экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында пайдалану ерекше қауіп төндіреді.

    Талқылау барысында мамандардың, қоғамдық ұйымдардың және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің бірлескен жұмысының қажеттігі де айтылды. Радикализмнің алдын алу тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмейді. Бұл бағытта тұрақты өзара іс-қимыл, ашық диалог және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру маңызды.

    Мұндай жұмыстың басты мақсаты – мәдени және діни әралуандықты қоғамдағы келіспеушіліктің себебіне айналдырмай, оны өзара түсіністік пен бірлікті нығайтудың негізі ретінде қабылдау. Өйткені өзара құрмет, сенім және сындарлы қарым-қатынасқа дайын болу қоғамдық тұрақтылық пен бірліктің берік негізі болып саналады.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары