AI & Digital Bridge 2026: Astana Innovations цифрлық медицина және киберқауіпсіздік салаларында жаңа серіктестік орнатты

    AI & Digital Bridge 2026: Astana Innovations цифрлық медицина және киберқауіпсіздік салаларында жаңа серіктестік орнатты

    AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «Astana Innovations» АҚ елорда үшін стратегиялық маңызы бар екі бағыт – цифрлық денсаулық сақтау және киберқауіпсіздік салаларында екі келісім жасасты. Серіктестік жаңа технологияларды енгізуді, бірлескен жобаларды іске қосуды және халықаралық сараптаманы тартуды көздейді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Бағыттардың бірі – денсаулық сақтауды цифрландыру саласында Digital Med 365 Limited компаниясымен ынтымақтастық орнату.

    Тараптар медициналық ақпаратты талдау үшін жасанды интеллектіні қолдану, биометриялық технологияларды пайдалану, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, сондай-ақ пилоттық жобаларды іске қосу бойынша бірлескен жұмысты дамытуға уағдаласты.

    Астанада денсаулық сақтау саласына цифрлық шешімдерді енгізудің практикалық тәжірибесі бар. Елордада әскери-дәрігерлік комиссия цифрлық форматқа көшірілді, ал үш инсульт орталығында дәрігерлерге медициналық кескіндерді жедел талдауға және жіті инсульт белгілерін анықтауға көмектесетін Cerebra AI қолданылады.

    Жаңа серіктестік цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейтіп, қаланың денсаулық сақтау жүйесіне арналған жаңа шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

    Екінші келісім киберқауіпсіздікті дамытуға бағытталған. Astana Innovations, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы және Astana Tourism KazHackStan халықаралық конференциясын одан әрі дамыту үшін күш біріктіреді.

    Ынтымақтастық конференцияның халықаралық мәртебесін арттыруды, шетелдік сарапшылар мен индустрия өкілдерін тартуды, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білім беру бастамалары мен кәсіби қауымдастықты дамытуды көздейді. Сонымен қатар Астанада International Cybersecurity Olympiad 2030 олимпиадасын өткізу мүмкіндігін қарастыру жеке бағыт ретінде белгіленді.

    «Астанада екі бағыт бойынша да практикалық нәтижелер бар. Денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық және AI шешімдері қолданылып жатыр, ал KazHackStan биыл киберқауіпсіздік саласындағы кәсіби қауымдастық үшін халықаралық алаңға айналды. Келесі қадам – тиімді шешімдерді ауқымды түрде енгізу, серіктестікті күшейту және қала үшін нақты нәтиже беретін жаңа жобаларды іске қосу», – деді «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.

    Жалпы AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында технологиялық дамудың түрлі бағыттары бойынша 60-тан астам жаңа келісімге қол жеткізілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары