
ШҚО полициясы «Марқакөл – Шығыстың маржаны» фестивалінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті
31 шілдеде өткен ауқымды мәдени шара — «Марқакөл – Шығыстың маржаны» фестивалі өңірдің 500-ге жуық тұрғыны мен қонағын жинады.
Марқакөл көлінің көз тартар көркем жағалауы көпшіліктің бас қосатын орталығына айналды: мұнда 10 ұлттық киіз үй тігіліп, түрлі-түсті этно-ауыл құрылды, 20 қолөнер шебері өз өнімдерін ұсынды, ал қонақтарға жағдай жасау үшін 20 фудкорт нүктесі жұмыс істеді. Айтыстарға, поэзия кештеріне, облыстың түкпір-түкпирінен келген шығармашылық ұжымдар мен «Made in KZ» тобының өнер көрсетуіне ұласқан мазмұнды бағдарлама қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлады.
Мерекенің әрбір адам үшін қауіпсіз әрі жайлы өтуін қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті фестивальдің барлық алаңында қоғамдық тәртіпті күзетті.
Аумақты патрульдеу, жол қозғалысын реттеу және адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қадағалау үшін қажетті күштер жұмылдырылды. Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен азаматтардың жауапкершілігінің арқасында шара ешқандай төтенше жағдайсыз өтті. Қоғамдық тәртіпті бұзу деректері тіркелген жоқ — жедел жағдай толықтай бақылауда болды.
Полиция департаменті өңірдегі барлық мәдени және көпшілік іс-шаралар кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, штаттық режимде қызметін жалғастыруда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі








