Атырау облысының әкімі «ҰАТ» АҚ басшылығымен өңірді басқаруды цифрландыру мүмкіндіктерін талқылады

    Атырау облысының әкімі «ҰАТ» АҚ басшылығымен өңірді басқаруды цифрландыру мүмкіндіктерін талқылады

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Smart Data Ukimet және Әлеуметтік әмиян платформаларының мүмкіндігімен танысып, өңірдегі мемлекеттік басқару ісін цифрландырудың перспективаларын талқылады.

    Іс-шараға «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов, «QazTech Ltd.» ЖК бас директоры Эмирхан Алиев қатысты.

    Дәулет Бекманов аймақ басшысына түрлі ақпараттық жүйедегі деректерді бес бағыт бойынша бірыңғай талдау сипатында топтастыратын Smart Data Ukimet платформасының мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл бағыттар өңірдегі заңды тұлғалар, әлеуметтік сала, мұнай өнімдерінің мониторингі, «Таза Қазақстан» бастамасы және халық миграциясын қамтиды. Платформа облыстағы жағдайды нақты уақыт режимінде бағалауға және басқару шешімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

    Облыс әкімі тақырыпты талқылай отырып, өңірдің цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамытуда басымдық берілуі тиіс деп санайтын бірнеше бағытты белгілеп берді.
    Біріншісі – тұрғындарға арналған бірыңғай цифрлық кеңістік құру. Болат Ақшолақовтың айтуынша, азаматтардан өтініш қабылдайтын сервистерді Smart Data Ukimet платформасымен интеграцияланған бірыңғай мобильді қосымша етіп біріктірген жөн. Жүйе келіп түскен өтінішті автоматты түрде танып, нақты қай инфрақұрылымға және жауапты мердігерге қатысты екенін белгілеп, талдау панелінде нақты уақыт режимінде көрсететіндей болуы шарт .
    «Мұндай тәсіл мұнай өндіретін кен орындарын цифрландыру кезінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бұл қондырғылар істен шыққан кезде дереу әрекет етіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Қала инфрақұрылымын басқаруда да осыған балама принцип қолданылуы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі.

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Дәулет Бекманов заманауи цифрлық платформалар мәселеге әрекет етуден оларды болжау мен алдын алуға көшуге жағдай жасайтынын баса айтты.
    «Бiздiң міндет – деректерді жинау ғана емес, оларды басқару шешімдерін қабылдайтын құралға айналдыру. Егер басшы қалыптасқан жағдай жөніндегі шынайы ақпаратты неғұрлым жылдам алатын болса, мемлекет те азаматтар мен бизнестің сұранысына соғұрлым тиімді жауап бере алады», - деді Дәулет Бекманов.

    Ал келесі бағыт – бірыңғай ситуациялық орталық құру. Әкім жауапты лауазымды тұлғаның әрбір өтініш бойынша жедел шешім қабылдауы үшін сол нысанға қатысты толық анықтамалыққа бірден қол жеткізе алатындай мүмкіндігі болуы керегін айтты. Ол осы мақсатта азаматтардың өтініші, инфрақұрылымның жай-күйі және басқа да жүйелерден алынатын мәліметтерді бірыңғай контурға шоғырландыруды ұсынды.

    Коммуналдық ресурстарды есепке алу мәселесі де жеке қаралды. Тараптар интеллектуалды есептеу аспаптары базасында су, электр энергиясы мен газ тұтынуды есепке алу модульдерін платформаға қосу мүмкіндігін талқылады.

    Кездесуде бизнесті қолдау тақырыбы да сөз болды. Әкім өңір кәсіпкерлеріне әкімшілік кедергілерді азайтуды көздейтін цифрлық құралдардың пилоттық форматын пысықтауды тапсырды.

    Талқыланған бағыттың бірі — мектептегі тамақтануды цифрландыру. Бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын арттыру үшін мектептерде тамақтануды дербес есепке алуды енгізу нәтижелері, сондай-ақ бұл тәжірибені мектепке дейінгі ұйымдар мен қосымша білім беру ұйымдарында енгізудің мүмкіндіктері айтылды.

    Болат Ақшолақов кездесуді қорытындылап, тараптарға көтерілген бастамаларды әрі қарай пысықтау үшін 2026 жылғы 10 тамызға дейін техникалық тапсырмалардың контурын дайындауды тапсырды. Әкім мемлекеттік органдарға қаралған мәселелер бойынша шешімдердің жедел әрі тиімді қабылдануын және жобалардың іске асырылуын толық сүйемелдеуді қамтамасыз етуді жүктеді. Цифрландыру және архивтер басқармасы белгіленген бағытта жұмыстануға міндеттелді.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары