
Қазіргі уақытта арнайы комиссия әрбір өтінішті жеке қарап, келтірілген шығынды бағалап жатыр. Зардап шеккен азаматтар уақытша тұрғынжайларға орналастырылды. Қажетті әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған.
Эвакуациялық пунктте көшкен Қарауылкелді ауылының тұрғыны Марал Бекенованың қатты жауын салдарынан үйі мен қорасы зардап шекті. Ол қиындықта қол ұшын созған жерлестеріне алғысын білдірді.
«Менің аты-жөнім – Бекенова Марал Самбайқызы. Қатты жауынның салдарынан тұрып жатқан үйіміз бен қорамыз құлап қалды. Қазіргі таңда маған баспана керек. Жаңбыр сағат төрт шамасында басталды. Сол кезде бәріміз үйдің ішінде отырған едік. Электр жарығы өшіп, артынша үйдің бөліктері құлай бастады. Кішкентай қызымыз қатты қорқып, дауыстап жылады. Бәріміз қорқып қалдық. Осындай қиын сәтте бізге қолдау көрсетіп, орталыққа жеткізіп, көмек қолын созған азаматтарға алғысым шексіз», – дейді Марал Самбайқызы.









