Ақтауда Астана күніне арналған «Елорда – ел жүрегі» атты мерекелік концерт өтті
Бүгін, 5 шілде күні Ақтауда «Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің» ұйымдастыруымен Астана күніне арналған «Елорда – ел жүрегі» атты ауқымды мерекелік концерт өтті. Аталған іс-шара елордамыздың мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге және қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытталған, деп хабарлайды Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Кеш барысында көрермен назарына бай әрі алуан түрлі концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахна төрінде үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыстағы әндер орындалып, тыңдармандарды әсем әуендерге бөледі.
«Астана күніне арналған эстрадалық концертте жергілікті өнерпаздар ән айтып, би биледі. Бүгінгі концерт екі бөлімнен тұрады. Алғашқысы – Астана күніне арналған іс-шара. Бұл концерттен соң Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара жалғасады»,- «Абай атындағы мәдени-демалыс кешені» директорының орынбасары Маргарита Омарова.
Сондай-ақ түрлі жанрдағы би қойылымдары тұрғындар назарына ұсынылды. Келушілер қазақтың ұлттық билерінен бастап, заманауи және классикалық би өнерінің озық үлгілерін тамашалады.




