
Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай Әуезов ауданы әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен «Family Park» отбасылық саябағында «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік шараның басты мақсаты – ұлттық мәдени мұраны дәріптеу, домбыра өнерін насихаттау, елдік құндылықтарды ұлықтау және тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау болды.
Концерттің шымылдығын Сабира домбыра мектебінің шәкірттері қазақтың әйгілі «Адай», «Балбырауын» күйлері мен попурри шығармасын орындап ашты. Сонымен қатар көрермендер мәдениет қайраткері Нәзгүл Әбибекова, «Мәр Мәр» тобы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздарының өнерін тамашалады.
Мерекелік бағдарламаға «Эдельвейс» би тобы, BAYMAMAN шығармашылық ұжымы, «Жүрек сазы» ансамблі, «Жалын» тобы, «Ақ сұңқар» би тобы, «Эрудит», «Жас толқын» ансамбльдері, «Алтын бала» домбырашылар ансамблі және «Қарақат» өнер мектебінің талантты өнерпаздары қатысты.
Сондай-ақ сахнада «Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы Нағашыбай Мирас пен жас әнші Сәмет Іңкәр өнер көрсетіп, патриоттық және халық әндерін орындады.
Мерекелік концерт ұлттық өнердің дәрежесін айқындап, Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне арналған мазмұнды әрі әсерлі мәдени шараға айналды.









