Ұлттық Домбыра күні құтты болсын!
Бүгін – қазақ халқының рухани құндылығы мен мәдени мұрасын дәріптейтін айтулы күн – Ұлттық домбыра күні.
Домбыра – қазақ өнеріндегі ерекше орын алатын музыкалық аспап және ұлттық бірегейліктің символы ретінде бағаланады.
Әр шаңырақта домбыраның үні жаңғырып, мәдени мұрамыз келер ұрпаққа сақталып қала берсін! Ұлттық Домбыра күні құтты болсын!
___
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Домбыра күнімен құттықтауы:
Қос ішекті қастерлі аспап – ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі, халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра.
Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озады. Осылайша, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келеді.
Шын мәнінде, ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі.
Жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара Домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.
Халықаралық қауымдастыққа қазақ Домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің жалпыұлттық парызымыз. Аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – Домбыра» деген тамаша теңеуі Домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс деп ойлаймын.




